Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ТІЛ – ИДЕОЛОГИЯ ТҰҒЫРЫ

ТІЛ – ИДЕОЛОГИЯ ТҰҒЫРЫ

Кез келген елдің өзіндік орнын айқындайтын дара жолы болады. Ол мемлекеттің даму үдерісін айшықтап, барша азаматтар үшін ортақ құндылықтарды белгілейді. Оны идеология деп айтамыз. Тіл – сол идеологияның негізгі тұғырларының бірі деуге болады.

Тіл жөнінде халқымызда небір орамды ойлар мен қанатты тіркестер бар. Оны адамзат үшін ең қастерлі тұлға – анаға теңейміз, ұлт уызына балаймыз, барша халқымызды біріктіруші құрал деп санаймыз. Міне, тілге деген мемлекеттік тұрғыдағы көзқарасымыз осыдан басталады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев этносаралық қарым-қатынаста салиқалы саясат ұстануды ұсынды. Тілдік саясат тұрпайылықты кешірмейді. Мемлекеттік тілді өзінің шынайы тұғырына қондыруды кезең-кезеңімен іске асыру көзделді. Бұл қадам халық қолдауын тапты да. Осылайша еліміздің Ата заңында қазақ тілінің мәртебесі тайға таңба басқандай анық көрсетілсе, тіл туралы Заңда ісқағазды мемлекеттік тілде жүргіземін деушілерге даңғыл жол ашылды.

Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. Бағдарлама Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық-саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыруды көздейді.

Сондай-ақ бағдарламада мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін ҚАЗТЕСТ тапсырудың нәтижесі бойынша 2017 жылға қарай – 80%, 2020 жылға қарай – 95%-ға;

— республикадағы орыс тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2020 жылға қарай – 90%-ға;

— республикадағы ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай – 15%, 2020 жылға қарай – 20%-ға;

— үш тілді мемлекеттік, орыс және ағылшын меңгерген тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай – 12%, 2020 жылға қарай – 15%-ға ұлғайтудың нысаналы индикаторлары нақты жоспарланған.

ЖҰМАНОВА НҰРИЛА СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры

 

 

Пікір жазу