Мемлекет басшысы «Қазақ тілі туралы айтқанда істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс» деген болатын.
Мемлекеттік тілдің тағдыры тек мемлекеттің ғана емес, жалпы қоғамның, қоғамды құраушы әрбір жеке адамның күш-жігерімен, қажеттілігімен айқындалады.
Қазақ тілі – балабақша, мектеп, орта, жоғары оқу орындарында жалпыға бірдей міндетті білім беру талаптарына сай оқытылып, үйретіліп келеді. Ал аталмыш білім беру сатыларынан өткен, бүгінде белгілі бір қызмет атқарып жүрген ересек азаматтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жеделдете үйрету – еліміздің бірден бір талабы.
Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда барлық облыстарда тілдерді ақысыз оқытатын орталықтар жұмыс жасайды. Соның бірі – облыс орталығындағы Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы.
Біздің орталығымыз 1997 жылы ашылып, осы кезең ішінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын басты назарға ала отырып, «Үштұғырлы тіл» саясаты бойынша мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, жеке азаматтарға, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуды ұйымдастырып келеді.
Орталық өз қызметінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруды мақсат тұтып, мемлекеттік мекемелердің, коммерциялық ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлеріне, этномәдени орталық өкілдеріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерін ақысыз оқытуды ұйымдастыруда. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге ісқағаздарының мемлекеттік тілде ресімделуіне әдістемелік көмек беріп, көмекші әдістемелік оқу құралдар шығарады.
ЖҰМАНОВА НҰРИЛА СЕРІКБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры