Түркістан облысы әкімдігінің «Заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөліктердің жұмысына тосқауыл қою» тапсырмасына сәйкес, Мақтаарал ауданы бойынша құрылған тұрақты мобильдік топ құрамы заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктерге рейдтік іс-шара ұйымдастырды, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.KZ ақпараттық агенттігі.
Ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Жәнібек Досболовтың ұйымдастыруымен Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара барысында 6 автобус пен 15-тен астам шағын автобустарды тоқтатып, құжаттарын тексерді. Нәтижесінде бағыттардың қозғалыс кестесі және сызбалары жоқ екені анықталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграцияланған планшеттермен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, жолаушыларды және жүк тасымалдау қағидаларын сақтамау баптары бойынша жеті әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынды.
Айта кетейік, алдағы уақытта рейдтік іс-шаралар жалғасатын болады.
@DIDARBEK.KZ