Самбо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері Кемелбек Молдаш өмірде «Сәттілікке емес, Аллаға сенемін» деген пікірде. Бұл өмірлік ұстанымы көкейінде бозкілемге белдесуге шыққанда да жаңғырып тұрады. Себебі, балуан әрбір жеткен жетістігі мен толағай жеңістері ең алдымен Тәңірдің қалауымен болғандығын алға тартты.
Ол 2000 жылы 9-сәуірде ОҚО, Қазақстанның 30 жылдығы (қазіргі Ынтымақ) ауылында дүние есігін ашқан. Спорт әлеміне 2009 жылы келген. Бүгінде 20 жастағы спортшының бағындырған белесі аз емес. Жаттығу залындағы тынымсыз еңбек пен тыңғылықты дайындықтың арқасында әлі талай биіктерді бағындырарына бек сенімді. Әрқашан қолдау білдіріп, демеу беретін отбасы мүшелері мен достарына алғысы шексіз.
Ендеше, спорт саңлағының жеткен жетістігін тізбектесек. Кемелбек Мейірбекұлы 2018 жылы самбо күресінен Моңғолия мемлекетінің астанасы Улан-Батырда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.
2018 жылы самбо күресінен Грузия мемлекеті Тбилиси қаласында өткен жастар арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
2019 жылы Алматы қаласында өткен самбо күресінен жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпазы.
Жастар арасынан ересектер құрамысына ауысқан спортшы алдағы уақытта айтарлықтай үлкен нәтижеге қол жеткізуге ниетті. Ел мерейін үстем ету жолында аянып қалмақ емес. Мақсаты — әлемдік додаларда Көк туымызды желбіретіп, спорт саласын дамытуға үлес қосу.
© Нұртас Мұхтарұлы
«Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы»
заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз қызметі