Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде басқарма басшысы қаладағы эпидемиологиялық ахуал мен вакцинациялау жұмыстары бойынша мәлімет жеткізді.
– Шымкент қаласында коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың алғашқы 9 күнінде 705 адамға вакцина салынды. Оларды медициналық бақылау талапқа сәйкес ұйымдастырылып, жүргізіліп жатыр. Яғни, вакцина салдырғандар арасында екпеден кейін асқынулар тіркелмеді. Бәрінің де жағдайы қанағаттанарлық. Жалпы, үшінші мегаполиске екпенің 1000 дозасы әкелінген болатын. Ал ақпан айының соңында отандық өндіріс QazCovid-In препараты жеткізіледі. Ары қарай жоспарға сәйкес вакцинациялау барысы кезең-кезеңімен жалғасады, – деді Б.Позилов.
Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, Шымкент қаласының медицина қызметкерлері Zoom арқылы Ресей мамандарымен бірге апта сайын коронавирусқа қарсы күресу тәсілдері, оның алдын алу бойынша сабақ өтуде. Осылай тәжірибе алмасу барысында 2020 жылдың наурыз айынан бері 15 мыңнан аса қалалық дәрігер арнайы сабақ алған.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Жалпы, қалада жыл басынан бері коронавирус инфекциясын жұқтырудың 472 жағдайы тіркелген.