Жарық дүниеге келген адамзат баласы ғұмыр сүрген өмірінде талай-талай қуанышты оқиғалар мен ауызбіршілік пен азаматтық қасиеттер сынға түсетін небір ауыр сынақтарға, табиғи апаттарға тап болып жатады. Мұндайда үрейге бой алдырмай, сабыр сақтап, туындауы мүмкін қауіптің алдын алып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп ұйымшылдықпен қажетті жұмыстарды сәтімен жүзеге асырған жандардың қашан да ұтары көп, жүздері жарқын.
Жақында киелі өлкемізге арнайы жұмыс сапарымен келіп, су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен, қауіп туындаған жағдайда халықты және үй жануарларын эвакуациялау бойынша оқу-жаттығудың тәжірибелік іс-шаралардың өткізілуімен жете танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тасқынға сақадай-сай дайындықты, арлы азаматтық пен білікті мамандардың өз кәсіби міндеттеріне адалдықтың жарқын үлгісіне куә болған еді. Сонда да болса арқаны кеңге салып, еш әрекетсіз отыруға болмайтынын ескерткен аймақ басшысының тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктегенін қалың елдің қамын ойлаған азаматтық пейіл деп түсінсек қателесе қоймаспыз.
Осылайша сөйтіп елдің елдік қасиеті сыналар тұста береке-бірліктің, белсенділіктің озық үлгі-өнегесін іс жүзінде көрсеткен белсенді ұжымдар мен жекелеген азаматтардың ерен еңбектерін құрметтеп, дер кезінде лайықты бағалау көргенділіктің белгісі болса керек. Осындай игілікті ізгілікті істі мұрат тұтқан аудан әкімі Әбдіғали Жүнісов әртүрлі қызмет салалары мен өткізілген іс-шара барысында белсенділік танытқан азаматтарға шынайы алғыс сезімдерін ризашылықпен жеткізіп олардың алдағы уақыттарда да осы биіктерден көріне беретіндеріне зор сенім білдіріп, Алғыс хаттармен марапаттап, айрықша құрмет көрсетті.
@DIDARBEK.KZ