Түркістан облысының Әділет департаментінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Түркістан қаласындағы өкілдігі тіркелді. Өкілдіктің жетекшісі қызметіне Әлібек Алатаев тағайындалды, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған DIDARBEK.KZ ақпараттық агенттігі.
Түркістан қаласындағы 720 орынға арналған жаңа Зияткерлік мектептің құрылысы 2020 жылдың шілдесінде басталып, 2021 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда.
Оқушылар контингенті конкурстық негізде қалыптастырылады. Оқыту Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Өркен» білім беру гранты негізінде тегін жүргізіледі. Конкурстық іріктеуге 7,8,9 сынып оқушылары қатыса алады.
Мектептің педагогикалық ұжымы да конкурстық негізде құрылатын болады. Мұғалімдер мен оқушылардың конкурстық іріктеуі туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында және Назарбаев Зияткерлік мектептерінің барлық интернет ресурстарында жарияланады.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептері — ғылым, экономика және саясат саласында дарынды балаларға арналған таңдаулы мектептер желісі. Бұл мектепте «критериалды бағалау» деп аталатын бағалау жүйесі қолданылады. Зияткерлік мектепте білім берудің екі моделі жүзеге асырылады. Бірінші модель — Жаратылыстану-математикалық бағыттағы Эксперименталды Ықпалдасқан білім бағдарламасын жүзеге асырады. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар физика, математика, химия және биология пәндерін тереңдетіп, үштілді ортада оқиды.
@DIDARBEK.KZ