Мақтаарал ауданының жер қатынастар бөлімі облыс әкімдігінің ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды. Облыста жер қатынастары саласын дамыту мақсатында 2020 жылға жоспарланған жұмыстарды жоғары деңгейде орындағаны үшін берілген марапатты аудан әкімі Бақыт Асанов бөлім басшысы Нұржан Атақұловқа табыстады.
Ауданымызда жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр. Бұл мәселе Мемлекет басшысының Жолдауында да аталып өткен болатын. Осы орайда, бұл бағытта өткен жылы қыруар жұмыстар атқарылды.
2020 жылы түгендеу жұмыстары барысында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 21 азаматқа тиесілі 69,66 гектар жер учаскесі анықталған. Оның ішінде 2 гектар жерге иесіз мүлік ретінде тіркеу туралы тиісті шаралар қабылданған. Ал, қалған жер учаскелері бойынша салық берешегін өндіру туралы хабарламалар жолданды.
Аудан аумағында жеке тұлғалардың кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдерін түгендеу жұмыстарының барысында 10 азаматқа тиесілі 4,92 гектар жер телімі анықталып, Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасына тиісті шара көру үшін және мемлекеттік кірістер департаментіне салық берешегін өндіру бойынша ұсыныс хаттар берілген.
Тұрғын үй мақсатында 42 азаматқа тиесілі игерілмеген 6,37 гектар жер көлемі анықталып, оның ішінде 1,24 гектар жер игерілді. Ал 1 гектар жерге берілген шешімдерінің күші жойылды. Қалған 4,13 гектар жер учаскесінің иелеріне хабарламалар таратылды. Сонымен қатар, Мырзакент кентінің бас жоспарына сәйкес, Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтерінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтаждығы үшін 24 жер иеленушінің 141,19 гектар жері алынған. Оның ішінде 70,99 гектар жерге ие 15 жер иеленуші өз еркімен бас тартса, 9 жер иеленушінің 70,2 гектар жері сот арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарылды.
Одан бөлек, аудан аумағында жалпы аула саны 14101 болса, оларға 4454,4 гектар жер телімі тиесілі. Бүгінгі таңда үйіргелік жерлерді игеру мәселесі өте маңызды болып тұр. Себебі, бұл шара әрбір отбасына қосымша табыс алып келеді. Ол жерлерге түрлі көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарды, сонымен қатар жеміс ағаштарын отырғызып, пайда табуға болатындығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
@DIDARBEK.KZ