Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты мерекелік шара өтті. Іс-шара аясында облыстық этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдарының және облыс аумағында әрекет ететін тілдерді оқыту орталықтарының көрмесі ұйымдастырылды.
«Тілдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына орай биыл өңірдегі этномәдени бірлестіктер тілі мен мәдениеті және салт-дәстүрі күнін берекелі ассамблея шаңырағының астында бірлесе өткізуді ұйғарды. Мұны – достық пен татулықты ту еткен оңтүстікқазақстандық этнос өкілдерінің байыпты бастамасы, салиқалы шешімі деуге болады.
Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, елімізде мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Өз құттықтау сөзінде аймақ басшысы ішкі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауда сындарлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екенін айтты.
Айта кетейік, өңірде жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген тұрғындар үлесі – 92,1 пайыз болса, орыс тілін ұғатындар – 63 пайызға, ал, ағылшын тілін білетіндер – 14 пайызға жеткен. Сондай-ақ, өңірдегі этнос өкілдерінің 70 пайызы мемлекеттік тілді еркін меңгерген.