Қыз бала қызғалдақ сияқты, оның тамыры ата-анасының үйінде нәр алып, сабағы сүйген жарының жанында бүр жарып, гүлі ана болған кезінде ашылады.
Қазіргі қыз – ертеңгі ұлттың анасы. Қыздар арасында ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында Кентау колледжінде кездесу өтті.
Жастар ресурстық орталығының психологы Асем Далдекеева «Қыз баланың тәрбиесі», «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыптарында сөз қозғап, жастықтың дәмін татпай жатып, зарын тартатын жас буын өкілдеріне жоспарсыз жүктілік оның болашағына, денсаулығына тигізер кері әсерін баян етті. Әлеуметтік тұрғыда жетіліп үлгермеген нәзік жандылардың дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі де екіталай екендігін айтып өтті. Күйзеліске қарсы төзімділікке үйрететін тренинг ойындарын жүргізді.
Кентау қалалық полиция лейтенанты Ақтөре Софиев кәмелет жасына толмаған бойжеткеннің арын таптаған азамат заң алдында 5 жылдан жоғары мерзімге жазаланатындығын түсіндірді.
Кентау қалалық орталық мешітінің қыз-келіншектер секторының меңгерушісі Зияда Алымханқызы «Исламдағы қыз баланың дәрежесі», «Қазақ қызына тән ибалылық» жөнінде сөз тарқатты. «Қоғамдық келісім» КММ-і Кентау қалалық филиалының маманы, Аналар кеңесінің хатшысы Алия Курманбаева қандай жағдай болмасын ең жақын адам оның ата-анасы екенін, қыздарға ата-анасынан қорқып қате шешім қабылдамауға, анасымен барынша сырласып, сырын айтуға шақырды.
Сөз соңында Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі, Кентау қалалық Жастар ресурстық орталығы отбасылық мәселелерде заң аясында құқықтық және психологиялық көмек көрсетілетіндігін жеткізді.
@DIDARBEK.KZ