Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде қойылған 105 озық технологияларды өндіріске енгізуге қызығушылық танытып отыр. Бұл туралы обыс әкімі Жансейіт Түймебаев халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылған жаңа технологияларды өңірде қолдану мәселелері бойынша өткен жиында мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта кәсіпорындарда озық технологиялар қарастырылған 27 жобаны енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Шымкентмай» АҚ-ы каталитикалық деаэроциондық қондырғыны өндіріс процессінде пайдаланбақ. Ал Чехия, Ресей елдерінің қалдықтарды өңдеу бойынша «HEDVIGA GROUP» және «WiseSoiL» компаниялардың жобаларын «Технология – 21» және «Таза қала» ЖШС-тері қалдықтарды өңдеу зауытының өндіріс жұмыстарына енгізбек. Сонымен қатар, «Жиналған суды тазартуға арналған мобильді комплекс» және «Күн батареяларын басқару жүйесі» жобаларын «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-і қолдананысқа енгізетін болса, Малайзия мемлекетінің көше жарықтандыруға «Q-RAU tm» жарық диодты лампыларын «Ақсемсерстройсервис» кәсіпорыны Шымкент қаласындағы көшелерді жарықтандыруға пайдалануды қарастыруда. Бұдан бөлек, ЭКСПО халықаралық көрме тақырыбы бойынша өңірде өнеркәсіп, экология, ауыл шаруашылығы саласында да жаңа технологияларды енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
«Бүгінгі таңда облысымызда Елбасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жасалуда. Қазіргі күнге өңірде 5 жаңартылған энергия көздері нысандары жұмыс істеп тұр. Олар жалпы қуаты 5,8 МВт болатын 3 шағын су электр станциялары болса, осы жылы қосымша жалпы қуаты 3,5 МВт болатын 2 шағын су электр станциялары іске қосылатын болады. Жүргізілген зерттеулер негізінде, алдағы жылдары облыстағы 122 өзендерде жалпы қуаты 420 МВт-ты құрайтын шағын су электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде Өгем өзенінде жалпы қуаты 57 МВт болатын каскадты шағын су электр станцияларын салу жөнінде Түркияның «DOGUS» Constraction компаниясымен келіссөздер жүргізілуде», – деді Ж.Түймебаев.
Елордамыз Астанада өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрме сәтті өткенін айтқан аймақ басшысы, әлемнің назарында болған тарихи шараны 151 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық барып тамашалағанын атап өтті.