Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады. Үкімет басшысы алдымен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де болып, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және қайта құрастыру жобасының іске асу барысымен танысты. Нысандарды аралау кезінде Премьер-министр пайдалануға берілген шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысынның жұмысын көріп шықты. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы Үкімет басшысына екінші кезең аясында қуаты жылына 2 млн тонна болатын мазутты және вакуумдық газойлды өңдеуге арналған RFCC каталитикалық крекинг кешеніндегі жұмыс барысы туралы баяндады.
Айта кетейік, Шымкент мұнай өңдеу зауыты биылғы жылдың маусымынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінің талаптары бойынша К-4, К-5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин шығаруды қолға алған болатын. Бұл мұндағы жаңғырту жұмыстарының 1-ші кезеңінің жемісі. Енді зауыттағы жаңғыру жұмыстарының 2-ші кезеңі 2018 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары октанды бензин өндіру көлемі жылына 652-ден 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отыны – 1 192-ден 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотын – 254 -тен 400 мың тоннаға дейін өседі. Зауытта жоғары октанды автобензиндерді өндіру үлесі 100% құрайтын болады. Премьер–министр зауыттағы қайта құрылымдау жұмыстарын уақтылы аяқтауға және Қазақстан нарығын жоғары сападағы моторлық отындармен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.