Премьер-министр Оңтүстіктен Солтүстік аймаққа көшу мәселесіне де тоқталды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстардың атқарылу барысын сөз еткен Бақытжан Сағынтаев көшіп барған азаматтарға жер беру, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді жіберу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, жиында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Мемлекет басшысының саясатының арқасында облыстың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтқан аймақ басшысы өңір халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін алға қойған міндеттер орындалуда деп мәлімдеді.
«Облысымызда индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 млрд теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2017 жылы 5 жоба іске қосылып, 2,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94%-ы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 млрд теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға артып, 257,4 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда», – деді Ж.Түймебаев.