Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » «ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ»

«ДОСТЫҚ КЕРУЕНІ»

Оңтүстік Қазақстан облысынан Өзбекстан Республикасына жол тартқан «Достық керуені» жобасына қатысушылар бүгін Ташкентке жетті. Құрамына зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері енген керуенді Өзбекстан Республикасындағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының басшылығы күтіп алды.
Делегацияны бастап барған Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов іс-шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қолдау әрі бауырлас елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
Қазақстандықтар осы сапар аясында Ташкенттегі Төле баба кесенесіне зиярат етіп, Самарқандағы әйгілі Регистан тарихи-сәулеттік кешенімен танысады, Бұқарадағы Бахауаддин Накшбанди мавзолейін аралап көреді. Отандастарымыз Өзбекстан Республикасының Интернационалдық мәдени орталығында болып, кездесулер өткізеді деп жоспарланған.
Айта кетерлігі, бұл іссапар осы жылдың наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығының арасында түзілген ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылып отыр.
Меморандум екі ел арасындағы мәдени ықпалдастықты арттырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Интернационалдық мәдени орталығының әріптестігін нығайтуды көздеп, оның аясында этносаралық бірлікті қамтамасыз етіп отырған ұйымдардың қос елге этносаяхаттар ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр.
Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінде Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандастарымыз тұрады. Ал, Қазақстанда өзбек этносы өкілдерінің саны 550 мыңға жуықтайды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу