«Әке – асқар тау, Ана – баурайындағы бұлақ» деген тамаша тәмсіл бар. Әрбір отбасы – шағын мемлекет. Әке мен ана сол шағын мемлекеттің құрушысы, иесі, қорғаны. Баланың да жақсы болуы – ата мен анаға байланысты. «Атаға қарап ұл өсетіні, ана қарап қыз өсетіні» белгілі. Өркен Есейұлының да әкесінің ерекше жан болғанын ауылдағы ағайын жиі айтып отырады. «Есей ақсақал өте мейірімді, «үлкенге құрметі, кішіге ізеті» бөлек ерекше жан еді. Ауылдағы ағайынның бәрі айрықша құрмет көрсететін «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Өркен баламыздың да Есейдей әкенің тәрбиесін көріп өскені байқалып тұр. Үнемі елге, ауылға, ауылдағы ағайынға қамқор болып жүргені», – дейді ауылдағы ақсақалдар.
Кейіпкеріміздің әкесі Есей ақсақал жастайынан еңбекқор, бойында ұйымдастырушылық қабілеті мол жан еді. Олай дейтініміз – Есей қария бала кезден-ақ еңбекке араласып, білім алып, ауылшаруашылық саласында жемісті еңбек етті. Ауылды көркейту, дамыту мақсатында ауыл колхозын, кейін ауыл әкімі қызметтерін адал атқарды. Өркеннің анасы Ғалия апай – ұстаздық қызмет атқарып, бала тәрбиесіне көңіл бөлген жан. Мектепте француз тілінен сабақ берді. Ғалия апайдан тәлім алған шәкірттер әрдайым ұстаздарын жылы лебізбен еске алады.
Гүлзина БЕКТАС,
«Айқын» газетінің тілшісі