Спортты сүймейтін бала жоқ. Кішкентайынан асық ойнап, доп тепкен ауылдың қара домалақтарының ең үлкен арманы – спорт кешенінде жаттығу. Іскер азамат ауылдағы ағайынның арманын далада қалдырмай, олардың спортпен шұғылдануына ерекше жағдай жасап берді. Оның дәлелі – Есей Баймаханұлы атындағы спорт кешені. Ұзақ жылдар бойы пайдаланылмай, қаңырап қалған ғимаратты жекеменшіктен сатып алып, өз қаржысы есебінен қыруар қаржы құйып, зәулім спорт сарайына айналдырды. Спорт кешеніне қажетті спорттық құрал-жабдықтармен де қамтамасыз етті. Қазіргі таңда аталған спорт кешені ауданның балансына беріліп, спорттың бокс, волейбол, баскетбол және еркін күрес түрлерінен үйірме ашылып, жастар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалануына да мүмкіндік жасап берді.
Спорт кешенінде 80 бала спорттың түр-түрімен жаттығып жүр. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының да бір мезет футбол, баскетбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысуына да жағдай жасалған. Кешен ашылғалы бері мектеп спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерде жақсы нәтижелер көрсетіп, биік белестерге жетіп жүр.
Түлкібас жұрты айрықша құрметтеп айтатын тағы бір игілікті іс – Мәмбет ата мешітінің қайта жөндеуден өткізілгені. Мешіт – мұсылман баласының қажетті дұға-тілектерін бір Алла Тағаладан ғана сұрайтын, пенделік қателіктері үшін кешіріп сұрап, тәубеге келетін қадірлі мекені. Мешіт табалдырығын аттаған жанның қадамына сауап жазылады. Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылғандай, мешітке келушілердің оң аяғына сауап жазылып, дәрежесі артатын болса, әрбір басқан сол аяғының күнә-кемшіліктері кешіріледі. Өркен Есейұлы Машат ауылындағы Мәмбет ата мешітіне де демеушілік жасап, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шатырын жаңартып берді. Ескі мешіттің жаңарып қалғанына ауылдағы ағайын да дән риза.
Елдегі ағайынның басы ауырып, балтыры сыздаса баратын мекені – дәрігерлік амбулатория. Ауыл тұрғындары талай жыл ауыл мен аудан арасында шабылып жүрді. Қазір ауылдық дәрігерлік амбулаторияның өзінің жедел жәрдем автокөлігі бар. Оны сыйға тартқан да – біздің кейіпкеріміз. Одан бөлек, ауылға қажетті балабақша ғимаратының құрылысына да қаржы бөліп, ел игілігіне айналдырды. Балабақша салынған жер жекелеген адамдардың игілігінде болып, қараусыз жатқан еді. Жекеменшік жерді сатып алып, көркейтіп, көгалдандырып, күл-қоқыстан тазартып, елдің игілігіне айналдырды. Балабақша құрылысын салуда халық қалаулысының інісі Асылбек Кәрібаевтың да үлесі зор. «Інісі бардың тынысы бар» деген – осы. Өркен ағасына қамқорлық көрсетіп, балабақша құрылысының бітуіне қолғабыс тигізді. Бүгінде елу орындықты балабақша халыққа қызмет етуде. Машат ауылындағы «Әулие» бастауы да қоршауға алынып, басына белгі орнатылды.
Т.Рысқұлов, Түлкібас, Састөбе елдімекендеріне республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа қосымша халық қалаулысының ықпалымен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бүгінде өзі сайланған өңірдің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне ықпал жасап отыр.
Гүлзина БЕКТАС,
«Айқын» газетінің тілшісі