Шымкентте жыл басынан бері 228 көше жөндеу көрді. Оған бюджеттен 26,8 млрд. теңге қаралған. Бірақ, салынып жатқан жолдардың сапасы талапқа сай ма? Өткен жылы «Шымкент -адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жол сапасына қатысты 249 нысанға 406 рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде 984 кемшілік анықтады, деп жазады «Оңтүстік» телеарнасына сілтеме жасаған «didarbek.kz». Бұл жолы сапасын қадағалаушылар шаһардағы Кеңжарық көшесінен сынама алды. Нәтиже қандай?
Кеңжарық Нұртас шағынауданына қарасты көшелердің бірі. Небәрі 900 метрлік жол құрылысына мердігер 53 млн. теңге қаржы жұмсаған. Бұған жолды жарықтандыру, жолаяқ салу мен арық-атызды қалыпқа келтіру жұмыстары да кіреді. Қолданысқа берілгеніне бір жыл толмай жатып, көшенің көркі қашты. Төселген асфальт жарылып, шұрық-тесік күйге жеткен.
Жол құрылысын жүргізген — «Достық строй монтаж» серіктестігі. Компания бұдан өзге 6 көшені жөндеуге мемлекеттік сатып алудан қаржы ұтып алған. Соның екеуі бірдей сын тезіне ілікті. Сапасыз салынған жолды мердігер жүк көлігінің жүру салдарынан орын алған деп, ақталып отыр.
Нұртас мөлтекауданындағы Айбол көшесінде де кемшілік көп. Нысанның асфальтбетон жабындысынан 3 сынамасы алынды. Оның 3-еуі де тығыздалу коэффициенті бойынша талаптарға сай келмейді. Сол себептен мердігер мекеме кепілдік мерзімін 3 жылдан 5 жылға созған.
Былтыр «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жөндеуден өткен жолдардан 987 сынама алған. Соның 362-і талаптарға сай келмеді. Олқылықтың орнын толтыру үшін мердігерлерге мүмкіндік берілді. Сәуірдің 15-не дейін кеткен кемшілік түзетілуі тиіс.