Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Хорасан Разави провинциясының губернаторы Алирез Рашидиан бастаған делегацияны қабылдады. Аймақ басшысы шетелдік қонақтарды Оңтүстіктің инвестициялық әлеуетімен, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен таныстырды.
Сондай-ақ, әкім Оңтүстік пен Иран провинциялары арасында, оның ішінде Хорасан Разави аймағымен өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланысты арттырудың мол мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Сізбен кездесіп отырғаныма және Оңтүстік Қазақстан облысы мен Хорасан провинциясы арасындағы екі жақты байланысты дамыту бойынша пікір алмасуға қуаныштымын, Губернатор мырза. Иран – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Біз биыл екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толуын атап өтеміз. Иран – Қазақстанның Таяу Шығыс елдері арасындағы екінші сауда әріптесі (БАӘ елінен кейін). Қазақстан мен Иран ШЫҰ, ИЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар арасында белсенді байланыс жасауда. Екі елдің ЕАЭО аясындағы қарым-қатынасы да тиімді әрі болашағы жарқын болмақ», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Иран – дамыған индустриалды-аграрлы ел, өндіріс, мұнай-газ саласы мен ауыл шаруашылығы дамыған. Едәуір экономикалық әлеуеті бар. Айта кетейік, 2016 жылы ОҚО-ның сыртқы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құраса, соның ішінде 19 млн АҚШ доллары Иран Ислам Республикасымен жасалған. Оңтүстіктен Иранға жаңғақ, арпа, цемент, былғары бұйымдары экспортталса, Ираннан біздің өңірге негізінен құрылыс материалдары, құбырлар, керамика бұйымдары, сантехника, тұрмыстық химия, кілем және жеміс-жидектер тасымалданады.
Өз кезегінде губернатор Алиреза Рашидиан түрлі салада тығыз байланысты дамытуға дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында аймақтар арасындағы жиі импорт және экспортталатын тауарларды таңдап, солар бойынша біріккен жаңа өндіріс орнын ашу бойынша бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс жасалды.
Иран делегациясы екі күндік іс-сапар барысында облыстың инвестициялық мүмкіндігімен танысып, «Көрме» орталығын, өңірдегі кәсіпорындарды араламақ. Бұған қоса бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесіп, тарихи орындарды аралайды деп жоспарлауда.