Бар қазақты бауырына екі жиған қасиетті Ордабасы тауы тағы бір игілікті бастаманың куәсі болды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласында латын әліпбиіне өтудің еліміз үшін маңыздылығы атап өтілген-ді. Осыған орай Оңтүстік өңіріне белгілі қаламгерлер Серік Жанəбіл, Мұхтар Мұхамбетжан, Бақтияр Тайжан, Ерсултан Əмірбек, Әсет Әссанди, Ғалымжан Зиябек бастаған азаматтар Ордабасы тауында бас қосып, бұл бастамаға қолдау білдірді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев, «Алтын алқа» баспасының директоры Әсет Әссанди, жазушы Серік Жанәбіл, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Бахтияр Тайжан сөз алып, латын әліпбиіне өтудің тәуелсіз мемлекет үшін маңызын атап өтті. Аудан қонақтары Тутөбе басына көтеріліп, қасиетті Ордабасы биігіндегі бұл бастаманың да баянды болуына тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, ортақ бәтуаға келіп, үндеу қабылдады.
Қаламгерлермен сондай-ақ, Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов кездесіп, бірқатар мәселелерге қатысты ой бөлісті. Басқосу риясыз қалыпта, еркін пікір алмасу ретінде өрбіді. Рашид Қайыпжанұлы:
– Киелі өңірге жасаған қадамдарыңыз құтты боларына сенімдімін. Біз мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамаларына қолдау білдіріп, ел болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын болсақ, алар асуымыз алда. Сіздерге Ордабасы өңіріне ат басын бұрып, игі шараны осы жерден бастағандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деп, басқосуды қортындылады.