Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың айтқан уәжіне қатысты Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері пікір білдірді
Қазақ пен қырғыз халықтары әуелден туысқан, бауырлас халықтар. Ал, бауырлардың арасына жік салу – жақсы әрекеттердің қатарынан емес. Бұндайлардың сөзіне құлақ аспау керек.
Екі елдің бір-біріне деген пейілі ақ. Өкінішке қарай, Алмазбек Атамбаев өзінің президенттік дәрежесіне жараспайтын, ағат мәлімдеме жасады. Президенттік институттың халықаралық қатынастар саласындағы басты функциясы негізінен ынтымақтастық, серіктестікті нығайту, екі ел арасындағы достыққа дәнекер болу секілді жайттардан тұрады. Әсіресе, өз қызметінен кеткенде басшы өзінен кейінгі ел басқаратын тұлғалар үшін жақсы жағдай жасап кетуі керек, екі көршілес мемлекеттің достық бағытынан ажырамауына септесуі керек. Ал, Атамбаевтың әрекеті бұған қарама-қайшы болып отыр.
Дегенмен, бұл мәлімдеменің шындыққа сәйкес келмейтінін екі елдің халқы да біліп отыр. Халықаралық қауымдастық та Қазақстанның жеткен жетістіктерін мойындайды. Биыл 1 желтоқсаннан бастап Қырғызстанды басқа адам басқарады. Және де қазақ-қырғыз қарым-қатынасы ретке келеді деп ойлаймын.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
ОҚО Ардагерлер кеңесінің төрағасы