Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың айтқан уәжіне қатысты Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері пікір білдірді
Иә, Қырғыстан басшысы ең көргенсіз әрекеттерге бара бастады. Бұндай әрекет жасау – ел тұтқасын ұстап отырған азамат түгілі, қарапайым адамның өзіне дұрыс емес. Ұйып отырған екі елді бір-біріне алакөз ету кімге керек болды екен?!
Сайлауда өз кандидатының жеңіліп қалуы мүмкін екенін сезген Атамбаев көргенсіздігін танытып, осындай әрекеттерге бара бастады. Көрші мемлекеттің ішкі ісіне араласып, тұтас ел мен оның басшысына негізсіз айып тағып, қара күйе жағу әрекеті дипломатияда жол беруге болмайтын көргенсіздік.
Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын бүкіл дүниежүзі көріп, біліп отыр. Сондықтан Атамбаевтың зейнетақы мен тарифтерге қатысты айтқандары шындыққа сәйкес келмейді.
Дегенмен, бұл мәлімдемеге қатысты еліміздің Сыртқы істер министрлігі ресми түрде лайықты жауап берді. Олай болса, бір саясаткердің жаңсақ пікірі үшін бүкіл қырғыз халқын айыптауға болмайды. Екі ел арасындағы достық пен экономикалық ынтымақтастықты сақтап қалуға тиіспіз.
Әбілқасым ДОСБОЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты