«Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі ғимаратының мәжіліс залында 20 маусым – Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өткізілді. Салтанатты шараға «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, медицина қызметкерлері қатысты.
«Бұл күнде халықтың өзі дәрігерлерге деген ерекше ықыластарын жасырмай, өз алғыс тілектерін білдіреді. Әрине, аса жауапкершілікке толы дәрігер мамандығын игеру үшін көп еңбек ету қажет. Дәрігер боламын деген адам ең алдымен өз халқының жанашыры және адамгершілік қасиеті басым болуы керек. Дәрігер – әлемдегі ең қасиетті мамандықтардың бірі. Олардың ерең еңбектері шексіз. Нағыз құрметке лайықты тұлғалар», – деді «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев.
Салтанатты шара барысында медицина қызметкерлері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы және «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалы төс белгісі, құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, 4 медицина қызметкеріне 100 мың теңгенің және 10 медицина қызметкеріне 50 мың теңгенің қайырымдылық сертификаты табысталды.
© Didarbek.kz