Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ШАНИННІҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫНА – 05

ШАНИННІҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫНА – 05

Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрымен бірлесе даңқты режиссер Ж.Шаниннің 125 жылдық мерей тойына арналған дөңгелек үстел өткізді.

 

– Жұмат Шанин өмірінде қарны тойып тамақ ішпеген, иығына шұғадан киім кимеген, былайша айтқанда өнер жолы өксікпен өткен азамат. Қорлық пен азапты бастан өткерген тұлға. Оның жанайқаймен жазған мақалаларын оқыған кезде сол замандағы айқайдың бүгінгі күнде де актуалдылығын жоғалтпағанын көреміз. Жұмат Шанин өз заманындағы тұлғалармен жалақы дегенді білмей, тоқтаусыз еңбек етті. Күндіз арба сүйреп, нәпақа тапса, кешке театрда өнер көрсетіп жүрді. Осы кісілер болмағанда бүгінде театр әлемі деген болмас еді. Сая Қасымбек осылай деп тұжырды.

Халық хас талантты мойындайды. Шанин 1931 жылы «Қазақстанның халық артисі» атағын алғашқы болып алады. Бірақ, таланттыға жау көп. 1936 жылы Мәскеуден табысты оралған соң көре алмайтындар сыртынан арыз жазған. Осыған өкпелеген Шанин Қырғызстанға кетіп, қырғыз театрының ашылуына еңбек сіңіреді. Елге қайта шақырылғанымен 1937 жылдың жазасына ілігіп, 1938 жылдың 26 ақпанында «халық жауы» деп айыпталып небәрі 46 жасында атылады. Нақақтан жаза көрген боздақ 1958 жылы ақталған.

Дөңгелек стол басындағы басқосуда педагог ғылымдарының кандидаты, театртанушы Нәсіпхан Камалқызы, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Өтеміс Сапаров сынды ардагерлер ойларымен бөлісті.

Жиынға жастар көп шақырылған екен. Олардың тағлымды әңгіме тыңдағанына қуандық. Бүгінде жерден бір күрес көтерсе міндетсінетін, сәл қиындық көрсе мемлекетті айыптайтындар көп. Ал, қазақ театр өнері аяғынан қаз тұруы үшін өзін құрбандыққа шалған Жұмат Шаниндер нағыз ердің сойы екен ғой.

Бақтияр Тайжан,
«Егемен Қазақстан» (мақаладан үзінді)

Пікір жазу