Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері өкпесінің 85 пайызы зақымдалған қарт кісіні аман алып қалды. Компьютерлік томография нәтижесінде науқаста екі жақты пневмония анықталған. Бұған қоса ПТР сараптамасы бойынша егде жастағы азаматшада Covid-19 вирусы бар екені белгілі болған.
1952-жылы қала тұрғыны Ұлас Исаққызы ағымдағы жылдың 28-шілде күні ауыр халде халде жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. 3-тамыз күні жағдайы күрт нашарлаған науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміне ауыстырып, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан. Қарт кісіге реанимациялық және вирусқа қарсы терапиялық емдер үздіксіз жүргізілген. Араға бір ай салып, науқастың жағдайы жақсарған соң дәрігерлер оны палалатаға ауыстырған.
Дәрігердің айтуынша, айлап жансақтау бөлімінде жатқан науқастың созылмалы ауруларына байланысты асқынулар болған. Дегенмен емдеу жұмыстары оң нәтиже көрсетіп, 69 жастағы кісінің денсаулығы жақсарған.
– Жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқас ауруханаға КВИ инфекциясының ауыр дәрежесімен түскен. КТ-да өкпесінің 85 пайызы зақымдалғаны анықталды. Зейнеткерге емдеу хаттамасы бойынша толық ем жүргізілді. Қазір науқастың жағдайы жақсы. Бүгін үйіне шығардық»- дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Сейталиев Нұрлыбек.
© Didarbek.kz