Қырғызстан басшысы Алмазбек Атамбаевтың айтқан уәжіне қатысты Оңтүстіктің зиялы қауым өкілдері пікір білдірді
Жуырда ғана ағайын саналатын көршілес қырғыз елінің басшысы А.Атамбаевтың біздің елімізге қарата айтқан мәлімдемесі атан түйеге жүк болардай болды.
Ежелден ауылы аралас, қойы қаралас, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайын ел басшысының атышулы мәлімдемесі «жаптым жала, жақтым күйенің» керін келтіріп тұрғандай. Күллі Орталық Азия елдеріндегі көшбасшылыққа ие болып отырған Қазақстанның бүгінгі оң имиджіне теріс әсер етуге тырысушылық байқалды қырғыз басшысының әңгімесінде. Бұл қазақ халқының «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды», – деген қанатты сөздеріне тура келеді деп ойлаймын.
Қазақстанның, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделі мұндай сыңаржақ пікірлерден төмендемек емес. Көпконфессиялы, көпэтносты Қазақстан Республикасының Мәңгілік Ел болуға бағыт алған нық қадамы көңіл қуантады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Хашимжанов Икрам Акрамович,
республикалық «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы