Шымкент қаласы мәслихат депутаты Талғат Балтабаев Қайнарбұлақ елді мекеніндегі өзекті мәселенің шешілуіне ықпал етіп, көкейтесті мәселесін арқалап талай есіктің табанын тоздырған тұрғындардың алғысына ие болды.
Атап айтсақ, Шымкент қаласы №83 жалпы орта білім беретін мекемесі мектеп қабырғасы қаланған 2008 жылдан бастап жекеменшік су сорғы станциясынан (водокачка) су тартып қолданып келген. Алайда ол судың қуаты тек сыртқы крандарда ғана қолданылып, мектептің ішіне, екінші, үшінші қабаттарына көтерілмейтін. Сол себепті мектеп ішіндегі әжетханалар жылдар бойы іске қосылмаған болатын.
Ағымдағы жылдың 17 ақпанында Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары «Nur Otan» партиясының мүшелері Талғат Балтабаев, Айжан Ізбасханқызы Қайнарбұлақ елді мекен тұрғындарымен өткен кездесуінде ата-аналар осы жағдайдан хабардар еткен болатын.
Бұл мәселені өз назарына алған Талғат Балтабаев «Су ресурстары — Маркетинг» басшысына хат жолдап, осы мәселенің шұғыл түрде шешілуіне ықпал етті. Қазіргі таңда мектеп қалалық «Водоканал» су жүйесіне қосылып, 1 наурыздан бастап келісімшарт жасалып, мектепте жаңа құбырлар жүргізіліп, толық екі ғимараттың барлық қабаттары (асхана, әжетханалар, дала крандары) сумен қамтылды.
Өзекті де өткір мәселеге дер кезінде назар аударып, түйткілді түйіннің шешілуіне ықпал еткен халық қалаулысына тұрғындар дән риза.
© Didarbek.kz