Шымкент қаласында алдағы жылы жаяу жүргіншілерге арналған «Арбат» жобасы мен ескі қалашық кешені жүзеге асырылатын болады. Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Еркін Жүсіпов мәлім етті. Бұдан бөлек, облыс әкімінің бастамасымен «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешені маңында үш бидің ескерткіші орнатылып, «Қазығұрт» тарихи-этнографиялық кешені бой көтермек.
Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылдың 9 айында облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы 393 млн. 978,3 мың теңгені игерген. Бұл қаржыға биыл Арыс қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, Шымкент қаласының бас жоспарын өзектендіру (актуализация) жобасы даярланған. Сондай-ақ, «Қарашаш ана», «Ибраһим ата», «Қызыр Пайғамбар», «Әбдел Әзиз баба», «Мірәлі баба» кесенелері мен «Көне Отырар» сәулеттік жобасын абаттандыру, жаңғырту мақсатында жобалар даярланған.
«Бүгінде Шымкент-Қасқасу және Шымкент-Сайрам-Төлеби аудандарына шығатын баламалы жолдың жобасы әзірленді. Шымкент қаласы аумағындағы 6 шатқалға эскиздік жобалары жасалып, инвесторлардың есебінен іске асырылуда. Сонымен қатар, қолданыстағы әуежайдың Қорғаныс министрлігінің теңгерімінде болуына байланысты жаңа әуежайдың 3 нұсқасы дайындалып отыр», – деді Еркін Наурызбайұлы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс аумағында қайта жаңғыртуды талап ететін 500 ескерткіш анықталыпты. Олардың қатарында Шымкент қаласындағы «Ескі қалашық», «Қазығұрт» тарихи-этнографиялық кешені, «Қарауыл төбе», «Керуен сарай», «Қошқар ата», «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешендері де бар. Бұдан бөлек, «Арыстанбаб» мавзолейінің кіре беріс бөлігі мен жолдарын абаттандыру көзделіп отыр. Сондай ақ, басқарма Шымкент қала ішілік жолдарындағы 12 жолайырығының эскиздік жобасын әзірлепті. Оның ішінде 5 жолайырықтың құрылысын 2018 жылы іске асыру жоспарланған.