ОҚО жастары Алмазбек Атамбаевтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.
ОҚО Жастар ресурстық орталығының басшысы, Дүйсебеков Береке Талғатұлы:
– Елдегі халық пен билік арасында қызу талқыға түсіп жатқан жағдайға қатысты алаңдауға себеп жоқ деп ойлаймын. Желтоқсан айында өтетін Қырғыстан президенттік сайлауында өз кандидатының жеңіліп қалуы мүмкін екенін сезген Атамбаев көрші мемлекеттің ішкі ісіне араласып, тұтас ел мен оның басшысына негізсіз айып тағып, қара күйе жағу секілді дипломатияда жол беруге болмайтын көргенсіздік әрекетін жасаған болатын. Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатқанын бүкіл дүниежүзі көріп, біліп отыр. Бұл мәлімдемеге қатысты біздің Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың ресми түрде лайықты жауап берді.
Жас белсенді, Исмаилов Сейдулла Кеңесбайұлы:
– Менің ойымша, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластық қарым-қатынас бір саясаткердің жаңсақ пікірі үшін алаңдауға негіз бола алмайды. Біз қырғыз жастарымен тығыз байланыстамыз. Үнемі тәжірибе алмасып, достығымызды арттырып халықаралық форумдарда бірге боламыз. Олардың қазақстандықтарға деген көңілі ақ, құрметі шексіз. Сол себепті, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың куәгері ретінде, болашақта да ешбір күмәнсіз достығымыздың жалғасатындығына сенімім мол.