Прокуратура шұғыл өзгерістерге қадам басты. Бұл Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Ұлы Дала елінің Бас Прокуроры Жақып Қажыманұлы Асановтың тікелей бастамасымен іске асатын ауқымды жоспар болып отыр. Көздеген мақсаты – елге, қалың жұртқа, халқымызға жақындау. Және жақындап қана қоймай, ашықтық жағдайында жұмыс істеп, қазақстандықтардың сенімін ақтау – сол арқылы прокуратура имиджін биіктетіп, жоғары көтеру. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізілгенде Прокуратура органдарының өкілеттіктері қайта белгіленгендігі – құрылым қызметкерлеріне мол жауапкершілік жүктейтіні түсінікті. Өйткені, Қазақстан Республикасы аумағында жоғары заңдылықты қадағалауды жүзеге асыратын бұл органның әр іс-әрекеті бұдан былай мемлекет атынан жасалады.
Осы және осыдан туындайтын бірқатар өзге де мәселелерге Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ибраһим Әлжанұлы Иманов шұғыл қызметкерлердің отбасы мүшелерімен өткізілген кездесуінде арнайы тоқтала кетіп, аталған өзгерістер прокуратура жұмысын заман талабына сай етіп қайта ұйымдастыруға жетелейтінін, ол өз кезегінде, кадрлық өзгерістерге де апаратынын тілге тиек етті. Яғни, қолға алынғалы тұрған күрделі реформалар прокуратурада қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне де қатысты. Өйткені, өзі өзгермеген қызметкер жұмысты да өзгерте алмайды.
– Демек облыс, аудан көлемінде де бәсекелестік болады. Бүгінде ой-санасы икемділер ғана табысқа жетері анық деп отыр Бас прокурорымыз. Тек өзгерістерге байланысты болып жатқан кадрлык ауыс-түйістерді естіген де шығарсыздар. Жанұяда жасыратын шындық болмайды. Жарының, ұл-қызының карьерасына тілеулес ретінде, жүріс тұрыстың ең тиімді қадағалаушысы жанұя мүшелері екенін ескере отырып, сіздерден өзгерістерді қолдауды күтеміз, – деп қорытындылады өз сөзін Ибраһим Әлжанұлы.
PS. Алдағы уақытта бұл тақырыпты жалғастырып, аталған «он өзгерістерге» кеңінен тоқталатын ниетіміз бар екенін ескерте кеткенді жөн көріп отырмыз.
Әсет Әссанди.