Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов Шымкенттегі А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде оқырмандармен жүздесті.
Ақынның 80 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде ТҮРКСОЙ ұйымы аясында қолға алынып, өткізілуде. Түркиядан басталған той дүбірі қаламгердің туған топырағы Отырар ауданында дүркіреді. Осыдан кейін той керуені Шымкент шаһарына келіп жеткен.
Керуен құрамында ақынның жары Ханшайым Шаханова, Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ректоры Рабиға Қуатбекова, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, жазушы Құдияр Біләл секілді елге танымал азаматтар бар.
Қайраткер ақынмен кездесуге қала тұрғындарымен қатар өңіріміздің ауыл-аудандардан да оқырмандар келді. Оқушы жастардың қарасы көп болды. Талантты жастар ақынның жырларын жатқа оқып, кеш көрігін қыздырды.
Кездесудің модераторы жазушы, профессор Құлбек Ергөбек болды.
–Мұхтар Шаханов тұлғасы – қазақ әдебиетіндегі, қазақ қоғамындағы өзгеше құбылыс. Өзінің бар жетістігімен, тіпті керек десеңіз жетпей жататын тұстарының өзімен бәрібір құбылыс, — деді сөзінде жазушы Құлбек Ергөбек.
ЮНЕСКО ұйымы Мұхтар Шахановтың шығармашылығын ғаламдық деңгейдегі ой теңізіне құйылған арынды арна екенін айтып, ақынның поэзиясы әлемге ортақ құндылық екенін мәлімдеген.
Қаламгердің сөзін тыңдап, өлеңдерін естіген жас буын өкілдері жүздесуден жан-дүние байлығына кенеліп, азаматтық пен парасатты патриоттықтың тәлім-сабағынан өткендей әсерде болды. Кездесуден қала тұрғындары мол рухани азық алып қайтты.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы «М. Шахановқа жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтай кезінде мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар, бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған.