Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданындағы «Домалақ ана» кесенесі жанынан жаңа қонақ үй кешені пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, лентасын қиды. Салтанатты шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің картасын әзірлеу тапсырылған болатын. Аталған жоба аясында өңіріміздегі бірқатар қасиетті жерлерді жаңғырту, қайта қалпына келтіру шаралары қолға алынды. Солардың бірі – «Домалақ ана» кесенесі бүгін қайта жаңғырып, келушілерге жаңа қонақ үй кешенін ұсынып отыр. Жалпы қазақ халқы үшін Домалақ ананың орны бөлек. Ендеше, жаңа кешен, кесененің жаңғыруы құтты болсын!», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ана рухын құрметтейтін жанашыр азаматтардың демеушілігімен бой көтерген кешенде зиярат етушілерге барлық жағдай жасалған. Онда қонақтарға арналған жатын бөлмелер, асхана, киіз үй пішіндес орындықтар мен өзге де тұрмыстық ғимараттар бар. Қонақ үйді аралап көрген өңір басшысы алдағы уақытта «Домалақ ана» кесенесіне зиярат етушілердің қатары арта түсетініне сенім білдірді.