Әр ұлттың өзіндік салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары бар. Қазақ халқы қаны таза, көреген, текті халық.
Ұлттық құндылық дегеніміз не?
Әрбір ұлттың өзіндік тарихи көрінісі бар рухани мұраттарының жиынтығы. Әрбір ұлттың қалыптасуында ұлттық құндылықтың алар орны ерекше. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Өйткені сан ғасырдан бері тәрбиелік мәнін жоймай, салт-дәстүрмен астасып, рухани құндылықтар мен ізеттіліктің асқан жоғарылығымен ұрпақтан-ұрпаққа келе жатқан ұлттық құндылықтар баланың адам болып қалыптасуында зор маңызға ие.
Сондықтан да ұлттық құндылық арқылы оқушыларды қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуміздің де себебі осында.
Бұл жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын Республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың аруағының алдында қашан да қарыздармыз», біздің алдымызда «бабаларының игі дәстүрін сақтайтын», «күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары» болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеттері жатыр. Отаншылдық сезім – ұлт рухының деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындатып, ұлтшылдық пен отаншылдыққа баулып, өз халқын, өз мемлекетін көздің қарашығындай қорғайтын, бойында ұлттық санасы қалыптасқан тұлғаларды тәрбиелеп шығару – жалпы ұлттың алдында тұрған ұлы міндет болып отыр.
Қазақы мінез, қазақы рух, қазақы менталитет, қазақы тәрбие деген қасиетті сөздерімізді үлкен мақтанышпен сөз қылып айтып жүрсек те, осы ұлтымыз үшін маңызды ұғымдардың түпкі мағынасы өзгеріп, тек сөз күйінде қолданыста қалғандай сезім болады. Біле білсек, қазақы құндылықтарды ішкі мәнін терең түсініп, болмысымызға айналдырып, құнды қасиетімізді бойымызда дамыта білсек, әлемді таңғалдырарлықтай қазақ халқында мол рухани қазына, сарқылмас рухани қуат көзі жатыр. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады.Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың мәңгілік қорғаушы шамшырағы.
Тәрбие беруде ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз қазақстан қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне жоғары мәдениетті деңгейде бейімделе алады.
БДО, Инновация және стратегиялық жоспарлау
кафедрасының кәсіби бағдарлау жөніндегі әдіскері