Аграрлы аймақ – Оңтүстік Қазақстан облысы озық технологияларды қолдануда көш бастап тұр. Мәселен, жаңа бастамамен облыста алғаш рет 59 гектар жерге жаңғақ, 7 гектарға бадамша егілді. Ал, тамшылатып суғару әдісі 7,5 мың га ендіріліп, жалпы көлемі 58,5 мың га жетті. Бұл республикалық үлестің 72 пайызын құрап отыр.
Сондай-ақ, өңірде жалпы жылыжайлар көлемі 1 294 гектардан асса, биылдың өзінде 171 га жерге жылыжай салынды. Бұл елде бар жылыжайлардың 80 пайызын құрайды.
Осындай озық технологияны қолданудың арқасында облыстаауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57 млрд. теңгеге көбейіп, 376,5 млрд теңгені құрады. Биылғы жылы шаруалар бидай мен арпаның әр гектарынан 18,3 центнерден өнім алып, 400 мың тоннаға жуық астықты қамбаға құйды. Одан бөлек, 116 мың тонна жеміс-жидек, 919 мың тонна көкөніс, 77 мың тонна жүзім, 295 мың тонна картоп пен 1,3 млн тонна бақша дақылдарын жинады.
Сонымен бірге, аудандардың географиялық және климаттық ерекшеліктеріне байланысты әр ауданның әлеуетін тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту мақсатында өсімдік шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, егін алқаптарында терең қопсыту және тікелей себу әдісін пайдалану, таулы аймақ – Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандарында бидай дақылының орнына ерте мерзімдік картоп егу, жаңғақты және жидек дақылдарының көшеттерін отырғызу және өсіру шығындарының құнын жергілікті бюджеттен субсидиялау мәселесі қарастырылмақ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары осы бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да өз жалғасын табатынын айтып отыр.