Сайрам ауданы әкімдігінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 шілдедегі №969 Жарлығымен 16 ана «Алтын алқа» және 95 ана «Күміс алқа» алқаларымен марапатталды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аналарды марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев қатысты.
— Бүгін осында отырған әрбір ана үшін маңызды күн. Сіздерге белгілі, демографиялық өсімі жоғары аудан. Бала саны жыл сайын артуда. Кез келген мемлекеттің болашағы – оның саналы ұрпағы. Бүгінгі сәби ертеңгі ел азаматы.
Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Осы ретте, ауданның өсіп, өркендеуіне үлес қосып отырған ардақты аналарымызға алғысымды білдіремін. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды халқымыз ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер! Сіздердің еліміздің игілігі жолындағы еңбектеріңізге мол табыс пен сәттілік, қажымас қайрат, зор денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік пен бақыт тілеймін. Марапаттарыңыз құтты болсын!»,
— деген әкім орынбасары аяулы аналарды алған наградаларымен құттықтап, аналардың бала тәрбиесіндегі және қоғамдағы жоғары рөлін ерекше атап өтті.