Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » САЙРАМ: «ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ» АТТЫ АУДАНДЫҚ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА АТАЛЫП ӨТТІ

САЙРАМ: «ТІЛ – ДОСТЫҚТЫҢ ТІРЕГІ» АТТЫ АУДАНДЫҚ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА АТАЛЫП ӨТТІ

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл», — деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі аталып өтеді.
Осы орайда, Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тіл – достықтың тірегі» атты іс-шарасы өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Іс-шараға келген тұрғындар мен қонақтарға мерекеге арналған көрме және тіл саласының жетістіктері таныстырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев тұрғындарды аудан әкімі атынан құттықтап, марапаттарын табыстады.
— Сіздерді Алаштың ардақтысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күнімен сәйкестендірілген «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесімен құттықтаймын!
Тіл — халықтың қазынасы. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Сондықтан, кез-келген ұлт, мемлекет өз Ана тілін барынша құрметтеуге, дәріптеп дамытуға ерекше мән береді.
Жаны дархан ұлтымыздың бұл «Тіл туралы» Заңы қазақ тіліне құрметпен қарай отырып, этнос тілдерінің сақталып, дамуына да мүмкіндіктер береді.
Сан ұлттарды біріктірген жеріміздегі тіл еркіндігі, әсіресе, ұлттардың мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше байқалады.
Ауданымызда мемлекеттік тілді терең меңгеріп, үлкен додаларда жүлделі орындарға ие болып жүрген өзге ұлт жастары өте көп және олардың басым бөлігі болашағын қазақ тілімен байланыстырады.
Сайрам ауданын туған тілді, өзге тілдерді меңгеруге, меңгертуге қолайлы, білімділері көп аудан деп ерекше айтуға болады.
Ендеше, сөзімді Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры» деген сөзімен аяқтай отырып, туған тілді, мемлекеттік тілді құрметтеуге, Еліміздің басты нышандарының бірі ретінде асқақтатуға шақырамын!- деді Шухратулла Азатуллаұлы.
Келесі кезекте жергілікті тұрғындар арасында тілдерді жетілдіру барысында ауданның Құрметті азаматы Мурат Есалиев, «Мәртөбе» аудандық басылымының редакторы, ақын Нургиса Туремуратов және бірнеше қызметкердің ерен еңбектері аталып, алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кетелік, ауданда мемлекеттік тіл саясатын дамыту, сонымен қатар өзге этнос өкілдерінің тілдерін құрметтеу бағытында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі және 8 этномәдени орталығы белсенді жұмыс атқарып келеді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанынан 2013 жылы құрылған Тілдерді оқыту және дамыту орталығы бүгінгі күнге дейін 2000-ға жуық тіл үйренушіге қазақ, орыс және ағылшын тілдерін тегін үйрете отырып, сертификаттарын табыстаған.
Мәдени шарада аудандық мәслихат аппараты және «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері жылы лебіздерін жеткізіп, тіл саласына елеулі үлес қосып отырған орталық және білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Сонан соң, іс-шара концерттік бағдарламада жалғасты. Мәдениет үйінің өнерпаздары «Алаш ұраны», «Анамның әні», «Рух пен тіл» әсем әндерін шырқап, «Самұрық» би тобы қазақ ұлттық биін орындап, көрермендеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал, жас кітапхана оқырмандары «Тілім менің» қара өлеңін мәнерлеп оқыды.

Пікір жазу