Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Садибеков тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдау өткізді, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Қабылдау кезінде Қарабұлақ ауылының тұрғыны М.Исмаилов ауыл округіндегі Элтай баба көшесінде орналасқан мал сою орнының заңсыз жұмыс жасап жатқанын атап өтіп, көше тұрғындарының денсаулығына әсерін тигізіп жатқанын ескере отырып, заңға сәйкес жұмысын тоқтатуды сұранды.
Келесі кезекте Қарасу ауылының тұрғыны Б.Қуатбеков ауылындағы ауыз су және электр жарығының халыққа уақытылы жеткізілмейтінін айтып, осы жүйелерді қалпына келтірудің қажеттілігін жеткізді. Одан бөлек, спорт кешені мен көшеге кәсіпкер, халық қалаулысы, ауыл белсендісі болған Б.Жамалбековтің есімін беру туралы ұсынысын жасады.
Ал, Ақсукент ауылының тұрғыны А.Түкібаева ауылындағы ауыз су мәселесін сөз етіп, құжаттарын таныстырды.
Аталған жеке мәселелерді түсіндіріп, бақылауына алған аудан басшысы өз кезегінде әкім орынбасарлары мен сала басшыларына заңға сәйкес зерделеп, шешімін қарастыруды тапсырды.