Сайрам ауданы Ақсукент ауылына қарасты Орталық саябақта «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне қазақ күресінің дәстүрлі турнирі салтанатты ашылып, аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков құттықтады.
Өз сөзінде: «Құрметті қонақтар, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен дәстүрлі 59-шы турниріне қатысушылар!
Киелі Сансыз баптар Сайрам өңіріне қош келдіңіздер! Баршаңызды сайрамдық спортсүйер қауымның атынан «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған қазақ күресінен 59-шы дәстүрлі турнирінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Күрес десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Қазіргі кезде төл күресіміздің қарыштап дамып келе жатқаны Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жұмысымен тікелей байланысты. Ал бүгінгі қасиетті Сайрам өңірінде өткізіліп отырған төл күресімізді әлемге танытып, төрткүл дүниенің төрт бұрышына насихаттап, дамуына зор үлес қосып жүрген «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетімен байланыстыруға болады.
Қазақ күресі қазіргі уақытта кеңінен етек жайып, спорт қауымдастығына сенімді түрде еніп келеді. Оған дәлел бүгінгі облысымыздың 17 ауданынан және Шымкент қаласынан 120 спортшының қатысуға ниет білдіріп, жарысқа тас-түйін дайындықпен келуі. Бұл мақтанарлық та, қуанарлық та жағдай.
Бұл ретте, осынау үлкен іс-шараның Сайрам ауданында өткізілуіне атсалысып, сенім білдірген Түркістан облысының әкімдігіне, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымына, Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасына алғыс білдіреміз.
Қазақ күресі ғасырлар бойы халқымыздың жауынгерлік, жекпе-жек өнерлерімен біте қайнасып, қанына сіңген сала. Бұл, аты аңызға айналған Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларымыздан мұраға қалған, ұрпақты қайсарлыққа, жігерлікке тәрбиелейтін белдесу спорты.
Өз бастауын сонау 1938 жылдан бастап түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан спорт түрі бүгінгі күні әлемдік аренаға шықты.
Қазіргі кезде дүние жүзінің таңдаулы спортшыларының ілтипатына ие болған ірі турнирлер көпшіліктің назарын аудара бастады.
2005 жылдан бері Азия чемпионаты өткізіле бастаса, 2012 жылдан бастап «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», турнирлері боз кілемін жайды. Ал 2014 жылдан «Әлем барысы» деген атаумен жаңа ірі турнир қосылды.
Спорт – достықты нығайтады, ел мен елді жақындастырады. Оған дәлел – осынау ұлттық байлығымызды әлем спортшылары мойындап, қыр-сырын меңгеріп жүр.
Құрметті жарысқа қатысушылар!
«Күш атасын танымас» демекші балуандарымыздың бәріне жеңісті тұғыр, жұлдызды оңынан туғызар сәттілік тілеймін!
Қымбатты көрермендер боз кілемнің шаңын шығарған қиқулы додадан әдемі әсер, рухтық азық алыңыздар!
Жерлестерімізді қолдап отырайық! Қазақ спорты жасасын!»
Сонымен қатар, облыстық салалық басқарма басшысы және аталған газеттің бас редакторы құттықтады.
Аудан-қалалардан келген спортшылар күресуде.