Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Шымкент қаласындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмысымен танысты.
Онда облыс әкімі Ж.Түймебаев биыл қаржыландырудың барлық көздері арқылы 279 тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып, бүгінде 461,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін жеткізді.
Өңірде аталған бағдарламамен құрылысы жүріп жатқан жұмыстардың барысын баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды кредиттік тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ 35 мың отбасыны арендалық баспанамен қамту үшін облыс көлемінде 1 миллион 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй қорын құру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен көпқабатты 364 тұрғын үй салынуда. Оның ішінде ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру жобасымен 96 тұрғын үй, ал жеке құрылыс салушылар есебінен 107 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, тұрғын үй құрылыс жинақтар жүйесі арқылы 73 кередиттік тұрғын үй салынуда. Бұдан бөлек, жалға берілетін тұрғын үй қоры арқылы 88 жеке тұрғын үйдің құрылысы қолға алынатын болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылы 2113 отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 128,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, 2017 жылдың басынан бастап тұрғын үй құрылысына 41,1 млрд. теңге көлемінде инвестиция жұмсалса, қазіргі уақытта 461,5 мың шаршы метр пайдалануға берілді.
Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынатын тұрғын үй құрылысына 21,8 млрд теңге көлемінде мемлекеттік инвестиция бөліну жоспарланса, жыл соңына дейін 61,1 мың шаршы метр болатын 1126 пәтерді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Асқар Мамин бастаған делегация Шымкент – Ташкент бағытындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің құрылыс жұмыстарымен танысты. 2017 жылы ұзындығы 99 шақырымды құрайтын жол пайдалануға беру жоспарлануда.