Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛГЕ БАҚ ҚОНАР

ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛГЕ БАҚ ҚОНАР

Биылғы қыркүйектің 1-інде Парламенттің кезекті сессиясында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялағаны белгілі. Онда жаңа, әділетті Қазақстанды құру жөніндегі кезекті қадамдар белгіленді.
Мемлекет басшының Жолдауында айтылған бастамалар тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға леп береді. Аудан тұрғындары осылай дейді. Осыған орай аудан орталығына арнайы шығып, тұрғындардың Жолдау туралы пікірін білдік. Олардың айтуынша, қабылданған шешімдер мен берілген тапсырмалардың орындалуына ел болып атсалысу қажет.
Ақсукент ауылының тұрғыны Динара Түгелбаева:
— Президент 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордан қаржы беруді айтты. Білімнің сапасына да қатысты мәселелер маған ұнады,- дейді.
Ал «Сайрам» көкөніс базарына асығып бара жатқан Есенгүл Айтқожаева деген әпке:
— Әйелдер үнемі қарбалас үстінде, көпбалалы аналар бар, қиын ғой біздер қазір 58-ге келдік. Жұмыс ауыр. Әйелдер үшін зейнетке шығу жасы 61-ге дейін төмендегені үлкен көмек. Әсіресе далада қара жұмыс істейтін әйелдер үшін зейнет жасының түскені жақсы болды,- деп жауап берді.
Сондай-ақ, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, зейнетке шыққан ақсукенттік Берік Досжанов:
— Президент Жолдауы Әділетті Қазақстанды құруға негізделеді. Әділеттілікте ең бірінші жер мәселесін қарастыру керек. Мемлекет байлығының иесі халық болғандықтан, сол жерден шығатын мұнай мен газдың пайдасын халық көрмей отырғаны әділетсіздік. Екінші үлкен мәселе – құқық саласы. Осы саладағы түрлі әділетсіздіктер салдарынан парақорлық көп, ал құқық саласында әділеттілік орнамай елдің дамуы да жақсармайды,-деп нақты пікірін айтты.
№94 жалпы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Төремұратова былай дейді:
— «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім саласында қызмет істейтін біздер үшін өте қуанышты жаңалық болды. Себебі әр оқушының жайлы жағдайда білім алуы біз үшін маңызды. Ендігі кезекте осы жобаны барлығымыз біріге отырып іске асырсақ деген ниет бар. Қазіргі уақытта балалардың қолайсыз жағдайда білім алуы, әрине өз кедергісін келтіреді. Осы білім саласына қатысты өзгерістердің барлығын іске асыру сіз бен біздің қолымызда.
«Мемлекеттік қызмет жүйесі – қанша реформаласақ та бір жүйеге келмей жатқан күрделі бюрократиялық аппарат. Экономиканы реформалау үшін бізге кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесінің керектігі анық. Мемлекеттік басқару саласына да бәсекелестік керек.» Бұл біраз жыл мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан Рысбай Тұрабаевтың пікірі. Ол кісі бүгінде Ақсукент ауылдық округі ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі.
— Жолдаудағы үшінші бағдар – ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Әсіресе алдағы үш жылда резидентура бойынша бөлінетін грант санының 70 пайызға артатыны жағымды жаңалық болды. Айтпағым, медициналық оқу орындарының жанынан ауруханалар мен емханалар ашу студенттеріміздің тәжірибе алмасып, маман ретінде өсуіне жағдай жасайды. Бәсекеге қабілетті денсаулық саласының бірінші көрсеткіші – кәсіби мамандар, яғни білімді, тәжірибелі дәрігерлер, — дейді дәрігер Б. Бердиева.
Тұрғындар осылай пікір өрбітті. Бастысы, біз кездескен азаматтардың бәрінде алдағы күнге деген сенім бар. Жоғарыдан жаңалық күтеді, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарғанын қалайды. Сол жолда көп болып бірігіп, ынтымақты елдің өнегесін көрсеткісі келеді. Әрине Жолдаудың арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Ел тыныш болса, барлық мақсаттар орындалады.
Сұхбатты жүргізген Н. Аяптегі.

Пікір жазу