Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Біздің елімізде бүгінгі күні «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес әділет органдарының міндеттері жалпы мемлекеттік даму стратегиясын әзірлеу мен іске асыруға қатысу, заң жобалау жұмысын жүргізу, заңнаманы талдау, жетілдіру, жүйелеу, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына заң сараптамасын жүргізу арқылы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін, Қазақстан Республикасының егемендігін, Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің тұрақты және қарышты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық заңнаманы қалыптастыру болып табылады. Әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының ауқымды бөлігін қамтамасыз етуі әділет органдарымен тығыз байланысты.
Биыл әділет органдарына 30 жыл толып отыр. Әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтің құқықтарын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режиміне қолдау жасайтын, азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ететін атқарушы билік органдары болып табылады. Сондай-ақ, мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне заңнаманы жетілдіруге, әділеттілік ұстанымын бекітуге азаматтардың конституциялық құқығын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және жүзеге асыруға әрдайым белсенді үлесін қосып келеді.
Алғаш рет әділет органдарының күні 2012 жылы аталып өтті. Латын тілінен аударғанда «юстиция» сөзі әділдік, заңдылық деген мағынаны білдіреді. Әділет органдары – ол Әділет министрлігінің барлық мекемелері мен ведомстволарының жиынтық атауы. Тарихы тереңде жатқан Әділет органы 1919 жылы құрылып, өзі өмір сүрген жүзден аса жыл ішінде ел өмірінде болған аса елеулі тарихи оқиғалардың бел ортасында болып, саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өмірдегі күрделі өзгерістерге атсалысты. 1920 жылы Әділет халық комиссариаты ретінде құрылса, 1946 жылы Әділет министрлігі болып қайта аталды. Жалпылама айтқанда, халыққа заң қызметін ұсынып, азаматтардың бостандықтары мен мүдделерін қорғайтын бірден бір орган.
Еліміз тәуелсіздік алған соң әділет органдары үшін жаңа кезең басталды. Әділет министрлігі және оның органдары түбірімен өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Осылайша, өзінің сан қырлы қызметінің арқасында егеменді мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру ісіне үлес қосып келеді. Бағдарланған міндеттер негізінде еліміздің әділет органдары жаңа кезең талабына орай мемлекеттік құқықтық реформаны қалыптастырып, жұмысын дамытып келеді.
Бүгінде елімізде халықаралық стандарттардың талаптарына сай негіз қаланып, әділет органдарының құзыры кеңейтілді, жаңа міндеттер қойылды, ашық рәсімдер негізінде әділет қызметкерлерінің кәсіби корпусы жасақталды.
Әділет органдарының өз функцияларын сапалы орындауы, халыққа тиімді қызмет көрсетуі, құқық үстемдігін қамтамасыз етуі, Әділет органдары қызметкерлерінің кәсібиліктері мен күш-жігерлеріне тікелей байланысты.
Әділет органдары күнінің 30 жыл толуына орай барша әріптестерімді құттықтай отырып, мықты денсаулық, әр отбасына бақ-береке, әділет жолындағы қызметтеріне табыс тілеймін.
Ермек Киргизов,
Сайрам ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы-аға сот орындаушысы,
«Қазақстан Заңгерлер Одағы» РҚБ Түркістан облыстық филиалының мүшесі.