Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ORDABASY: ҚУАНЫШҚА БАСТАҒАН РЕСПУБЛИКА КҮНІ

ORDABASY: ҚУАНЫШҚА БАСТАҒАН РЕСПУБЛИКА КҮНІ

Бүгін Ордабасы ауданында 25-қазан Республика күніне орай салтанатты шара болып өтті.
Арадан 13 жыл өтіп қайта оралған айтулы мерекеде аудан әкімі Нұрбек Бадырақов сөз алып, аудан тұрғындарына құттықтауын жеткізді.
Құрметті ағайын!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді «Республика күнімен» шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлытаудың төрінде өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда қазан айының 25-ші жұлдызын «Республика күні» деп белгілеп, оны ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынған болатын. Осылайша 25 қазан «Республика күні» ұлттық мереке болып қайта бекіді. Яғни, арадан 13 жыл өткен соң ғана бұл айтулы дата қайта оралды.
Жалпы, «Республика күнінің» қайта оралуы тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен бастау алады. Өйткені, 1990 жылдың дәл осы күні Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған. Яғни, декларация еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадам болып есептелінеді. Алдағы уақытта бұл мереке Тәуелсіздікті дәріптеуге, нығайта түсуге мол септігін тигізеді деген сенімдемін.
Осы күні халқымыздың бірлігі мен тірлігі, жеткен жетістігі барынша насихатталып, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын факторлар жан-жақты паш етілуі тиіс.
Осы жылдар аралығында облысымызда, оның ішінде Ордабасы ауданында да ауыз толтырып айтатын тірліктер атқарылды.
Атап айтар болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аудан халқының саны 77 500 адам болса, қазір 124 мыңнан асып отыр. Мысалы, 1995 жылы жергілікті кіріс көлемі 75 млн.теңге болса, ағымдағы жылы оның көлемі 2 млрд.754 млн.теңгеге жетті. Сондай-ақ, 1991 жылы аудандағы мектептердің саны 58 болса, қазір жекеменшік үш мектепті қосқанда 69 –ға жеткен. Оларда 37 мыңнан астам оқушы білім алуда. Одан бөлек тағы 6 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр.Сонымен қатар, балабақшалардың да саны едәуір артты. 1992 жылы мектепке дейінгі мекемелердің саны 17 болса, бүгінгі таңда ауданымызда 15 мемлекеттік, 42 жекеменшік, 3 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істеуде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылында ауданға бар-жоғы 50 млн теңге инвестиция тартылса, 2022 жылдың 9 айында инвестицияның көлемі 26 млрд.теңгеден асып отыр.
Осы жылдар аралығында 47 елді мекеннің ауыз су жүйелері салынса, биылғы жылы 7 елді мекенге таза ауыз беру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, қандай саланы алып қарамасақ та барлығында алға ілгерілеу бар. Осы игі істердің барлығы бірлік пен татулықты ту еткен ауданымыздың халқының және елін, жерін сүйетін, іскер, жанашыр, патриот азаматтарымыздың арқасында жүзеге асып келеді. Ал, осының барлығына себепкер деп Тәуелсіздікті айтуға толық негіз бар.
Құрметті ағайын!
Бірнеше жылдан кейін қайта оралған «Республика күні» тағы да құтты болсын!
Шын жүректен шыққан ыстық ықыласымызды қабыл алыңыздар!
Осындай мән-маңызы терең күнде еліміздің тауы асқақтап, келешегі көркейе берсін.
Өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, сәтті күндер, зор жетістіктер тілеймін! — деді аудан басшысы.
Салтанатты шарада аудан түрлі салада жемісті еңбек етіп, ауданның өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан
бірнеше азаматқа аудан әкімі арнайы грамоталар мен алғыс хаттар табыстады.
Республика күніне арналған шара аудан өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Пікір жазу