Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округі әкімі Мамуржан Нажиевтің ұйымдастыруымен Халықаралық қарттар күніне орай, мерекелік іс-шара аталып өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аталмыш іс-шараға Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысып, мерекелік дастархан басында жиналған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымызбен жүздесті.
Өз сөзінде: «Құрметті ардагерлер қауымы! Баршаңызды Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыздың бірі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім- тағылымдарыңыз, игі істеріңіздің орны біз үшін бөлек. Себебі, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ауданға қызмет ететін ізбасарларыңызды өсірдіңіздер.
Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер.
Ендігі кезекте, аудан көлемінде елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу, канал тазалау, ағын сумен қамтамасыз ету секілді әр салада
бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Ауданның ауыл шаруашылығы мен кәсібі де түрленіп, мол өнімге қол жеткізуде. Бұл ретте, сайрамдықтардың ерекше еңбекқорлығы мен бірлігінің бар екені сезіледі. Одан бөлек, биыл екінші жыл ауылдарымызда онкүндік іс-шара өтуде. Осындай игі тірліктердің жүзеге асырылуы, ауылдың тыныс-тіршілігінің жақсаруы тек бізге ғана байланысты емес, сіздердің көрсеткен қолдауларыңыздың арқасында деп білеміз.
Сіздермен жиі өтіп жатқан кездесулерімде ауылға жанашыр болып, белсенділіктеріңізді танытып, жалпы қоғамға араласып, өз үлестерін қосып келесіздер. Бүгін Сіздерге алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта ұлы істерге ұйытқы болатындарыңызға сенемін.
«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, Сіздерге әрдайым сый-құрмет көрсетуге парызбыз. Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке мен татулық тілеймін».
Мұнан кейін, аудан басшысы облыстық «Мерейлі отбасы — 2022» ұлттық байқауында Қарамұрт ауылынан қатысқан Ильхамжановтардың отбасы ІІІ жүлделі орынға ие болғанымен құттықтап, марапаттар мен сыйлық табыс етті.
Мереке күні іс-шараға келген ардагерлер мен ауыл имамы сөз сөйлеп, ризашылықтарын жеткізіп, оларға арналған сый-сияпаттар таратылды.
Кездесу соңы концерттік бағдарламада жалғасып, ауылдың белсенді ардагері ақ батасын берді.