Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық «Қарттар мен мүгедектер үйін» паналап жүрген 174 адамға Сайрам ауданының зиялы қауымы мен белсенді жастары және мәдениет саласының қызметкерлері «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалының басшысы Б.Айтбаевтың бастамасымен қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Іс- шара барысында Базарбай Мамадиярұлы: 1 қазан — Халықаралық қарттар күні бұл күн біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету аға буынға көрсеткен парызымыздың аз ғана бөлігі. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз.
Алдыңғы буын аға-апаларымыз, ерен еңбек үлгісін көрсеткен ардагерлеріміз қайырымдылық пен даналық көрінісі іспетті жарқын мерекелеріңіз құтты болсын! – деп тілек ниетін білдірді.
Сонымен қатар, белсенді жастардың демеушілігімен мекеменің қажеттілігіне 1 орам жоғары сапалы линолеум тарту етілді.
Мәдениет саласының қызметкерлері мекемені паналап жүрген азаматтарды шабыттандыратын, рухтандыратын жанды дауыста әндерін орындап, жақсы тілектерін айтып қарт кісілердің алғыстары мен ризашылықтарын алып қайтты.