Сайрам аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері «Сапа медициналық орталығы» еңбек ұжымымен Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлт денсаулығын қамтамасыз ету» тақырыбындағы Жолдауын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді. Кездесуде денсаулық саласына көп мән беріліп жатқандығы айтылып, ақ халаттылардың қажырлы еңбектері елеусіз қалмайтындығы баяндалды.
«Сапа» медициналық орталығының іргетасы 2014 жылдың 29 мамырында Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінде қаланған екен. Жалпы алғанда, 120 төсекті құрайтын сауықтыру кешенінің 40 орны – терапияға арналса, 40 төсек – кардионеврологиялық, ал, қалған орындар реабилитациялық бөлімге тиесілі.
Орталық амбулаторлы-емханалық, күндізгі стационар, тәулік бойы стационарлық емдік қызмет түрлерін көрсетеді. Бұған қоса, мекемеде терапевт, кардиолог, аритмолог, невропатолог, гинеколог, уролог, реабилитолог, тері-венеролог, медициналық психолог сынды өз мамандығының білікті қызметкерлері жұмыс істейді.
Жалпы, қан және зәрді тазалау, биохимиялық қан талдау, ЭКГ, ЭЭГ, РЭГ, тәуліктік холтер әдісімен ЭКГ түсіру, ішкі мүшелерді ультрадыбыстық зерттеу сынды қызметтермен жұмыс істеуге маманданған шеберлер – ине рефлексі терапиясы, массаж, физиопроцедуралар, омыртқа жотасын механикалық созу, бассейн, Шарко және циркулярлы душ, әртүрлі ванналар арқылы ем жасауға әзір. Мұнан бөлек, фитобөшке, гирудотерапия, бұлшық етке, күретамыр мен буын ішіне инекциялар жасау арқылы пациенттердің сырқаттарына оң әсерін тигізіп келеді.
Сондай-ақ жеке кәсіпкердің өз есебінен 25 млн. теңге қарастырып, жергілікті тұрғындар үшін спорт ғимаратын ашқан. «BARUS» спорт кешенінде 5 адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық-жалақылары 80 мың теңгені құрап отыр. Күнделікті спортпен шұғылдануға 30-40 тұрғын келеді. Волейбол спорт түрі және өзге де денсаулыққа пайдалы спорт құрал-жабдықтарымен жабдықталған.