Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Мақсаты айқынның табысы мол

Мақсаты айқынның табысы мол

Кәсіпкерлік – бір істі қолға алу, әрекет ету деген сөз. Ол материалдық игіліктерді алуға бағытталған дербес қызметті білдіреді. Бірақ белсенділік жеке пайда мақсатымен шектелмейді. Кез келген кәсіпкерлік нысаны жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті бюджеттің толығуына ықпал етеді.
Айталық, медициналық қызмет халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді, қызмет көрсету саласындағы қызмет кейбір әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектеседі. Ал мақсат айқын болса, табысқа жетеді.
Фаррух Кәбіржанұлы Тәжібаев сауатты, жан-жақты дамыған өскелең ұрпақты тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қойып, 2015 жылы ашылған «Болашақ» оқу орталығында білім беру қызметін таңдай отырып, белсенді жұмыс жасауда. Басында оңай болған жоқ. Бірақ уақыт өте бұл жеке кәсіпкерлік сұранысқа ие болып, өз нәтижесін берді.
Орталық жалға алынған ғимаратта орналасқан. Бес ғимараттың әрқайсысында заман талабына сай жабдықталған алты оқу кабинеті бар. Оқу орны 880-ге дейін оқушыны қабылдай алады, қазіргі уақытта мұнда 600-ден астам оқушы 3 және одан жоғары сыныптардан бастап ағылшын, орыс және математика пәндерін оқиды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары ҰБТ, КТ тапсыруға, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге тыңғылықты дайындалған.
Қазір оқу орталығында 15 педагог тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Тіл пәндерін әдетте ана тілінде сөйлейтіндер оқытады. Оқу орталығы өзін тұрақты білім ордасы ретінде танытты. Орталық оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектептеріне, республикалық физика-математика мектебіне сәтті оқуға түсіп, FLEX бағдарламасын (жоғары сынып оқушыларына арналған коммерциялық емес тәжірибе алмасу бағдарламасы) бойынша гранттарды жеңіп алады.
Кәсіпкерге алдағы жұмыстарына табыс тілейміз.

Пікір жазу