Сайрам ауданында өз кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Кәсіпті бастау оңай іс емес, дегенмен әрбір адам қолынан келген істі дөңгелетсе құба-құп. Ал біздің кейіпкеріміз кәсібін нан пісіруден бастаған. «Нан — астың атасы» демекші, нан – дастархандағы басты тағам. Ақсукент ауылындағы Алаш елдімекенінде шағын, бірақ табысы мол наубайхана бар.
Оның іргетасы 1998 жылы қаланған еді. Бастапқыда наубайханада екі адам ғана, яғни ерлі-зайыпты Дастан мен Дильфуза Парпиевтер жұмыс істеді.
Жеке кәсіп ашуға бел буған олар ауыл тұрғындарын хош иісті нанмен қамтамасыз етті. Дастан бұрын облыс орталығындағы наубайханада жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған соң жеке кәсібіне сенімді түрде кірісті.
Оқырмандарды кәсіпкерлердің қызметімен таныстыру үшін наубайханаға бардық. Бізді наубайхананың қожайыны Дильфуза (суретте, сол жақтан төртінші) қарсы алды. Ол кәсібін қалай бастағанын және бүгін қалай жұмыс істеп жатқаны жөнінде айтып берді.
— Жұмысты үйде 50-60 нан пісіруден бастадық. Нанды ауыл тұрғындары тез сатып алды. Сұраныс жоғарылап, жұбайымыз екеуміз шағын цех ашуға шешім қабылдадық.
Нан өнімдерінің түрі ол кезде көп емес еді. Жыл сайын өнімдердің түрі мен сапасы артып келді. Біртіндеп цехты кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алдық, жұмысшылар құрамы толықты. Араға 20 жыл салып, қосымша «Дастан шығыс тәттілері» кондитерлік фабрикасы ашылды, — деді Дильфуза өз сөзінде.
Содан соң Дильфузаға достары Рахнама Ерметова (суретте сол жақтан бірінші) мен Анарай Мавланова (суретте оң жақтан екінші) көмектесті.Олар кондитерлік бизнестің қыр-сырын меңгере бастады. Ташкент шеберлерімен тәжірибе алмасты.
Бүгінгі таңда «Дастан» наубайханасының ассортиментінде аймақтағы тұтынушылардың жоғары сұранысына ие торттар, хош иісті самсалар, шелпектер, қуырылған тұшпаралар, түрлі кондитерлік өнімдер бар. Жылдар өте «Дастан шығыс тәттiлерi» наубайханасы өнiмдерiнiң өз тұрақты тұтынушылары қалыптасты. Сондай-ақ мерекелерге белгілі бір өнімдерді пісіруге үлкен тапсырыстар қабылдайды. Айта кету керек, өнімдердің сапасы ең жақсы шеберлердің бұйымдарынан еш кем түспейді!
Дүкен сөрелері түрлі-түсті, шебер безендірілген кондитерлік өнімдерге толы.
Бірте-бірте Дильфуза кәсіптің барлық қыр-сырын меңгеріп, жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай атқарып жүрген келіні Гөзалға (оң жақтағы төртінші суретте) тізгінді тапсырады. Наубайханада бүгінде 20-ға жуық наубайшы жұмыс істейді. Ұжым тату-тәтті еңбек етіп келеді.
Парпиевтердің көп жылғы еңбегі елеусіз қалмады. Олар көптеген Алғыс хаттармен және түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталған. Солардың ішінде «Сайрам ауданына 90 жыл» медалі де бар. Үздік кәсіпкер Дильфузаға кәсібін дөңгелетіп, тұтынушылардың алғысына бөлене беруіне тілектеспіз.
Э.СЕЙДАНОВА.