Республика күніне орай, бүгін Сайрам ауданы орталығындағы Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде іс-шара өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Аудан өнерпаздары мен ұлттық этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қонақтарды күтіп алды.
Алдымен аудандық мәдениет үйінің кіреберісінде орнатылған ЛЭД экранда мерекелік бейнероликтер көрсетіліп, жас суретші, республикалық байқаулардың лауреаты Атабек Бекбулатовтың шығармашылық көрмесі іс-шараға келген тұрғындарға таныстырылды.
Іс-шарада аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тұрғындарды ұлттық мерекемен құттықтап, тарихына қысқаша тоқталды.
— Құрметті сайрамдықтар! Сіздерді алдағы келе жатқан еліміздің ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін танытатын, мемлекеттің құрылу тарихын сипаттайтын күн. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерекелердің күнтізбесіне ұлттық мереке болып енгізілуін ұсынды. Республика аумағында, оның ішінде ауданымызда Республика күні мерекесінің маңызы мен тарихына арналған іс-шаралар кеңінен аталып өтуде. Өз кезегінде жастарды елді сүюге, қорғауға, тәуелсіздік құндылықтарын құрметтеуге, сонымен бірге халықтың бірлігін сақтауға шақырады. Елдің даму көшінде жергілікті тұрғындардың ерен еңбектері мен берік ынтымағының нәтижесінде аудан экономикасының барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Биыл әр салада жаңашыл бастама мен игілікті істер бар. Айталық, аудан тұрғындарының игілігіне арналған бірнеше жекеменшік мектеп және медициналық секілді әлеуметтік нысандар пайдалануға берілсе, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөндеуден өтіп, ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік саласында өндіріліп жатқан өнім көлемі жағынан өсімдер байқалуда. Жаңа кәсіпкерлік нысан саны артқан сайын жұмыс орындары ашылуда. Мұның бәрі берекелі бірлігіміздің арқасында жеткен жетістіктеріміз. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенемін. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын!
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев аудан әкімі атынан ауданның дамуына қомақты үлесін қосқан, қызметтегі жоғары жетістіктерімен танылған сала үздіктері, сонымен қатар қайырымдылық жасаған азаматтар мен еріктілерді марапаттады.
Салтанатты жиында аудандық мәслихаттың хатшысы Шамхат Халмурадов жергілікті халыққа ізгі тілегін жеткізіп, өз атынан алғыс хаттарын табыс етті.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламада ұласты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарынан «Ақсу» этноансамблінің «Исфиджаб таңы» күйін, «Ақсу әуендері» халықтық ВИА және «Ақсу» фольклорлық-халықтық ансамблінің ұжымдары патриоттық әндерін шырқап, «Самұрық» және «Айгөлек» би топтары ұлттық билерін орындады. Ал, «Ғұнча» халық ансамблінің өнерпаздары көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.