Бүгін Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Б.Хасанов дін өкілдерімен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кездесті. Кездесу барысында қоғамдағы діни ахуал, жастар тәрбиесі мен халықтың бірлігін сақтау секілді негізгі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Өз кезегінде Бахытбек Сембекұлы «18 қазан – Рухани келісім күні» мерекесімен дін өкілдерін құттықтап, құрмет көрсетті.
— Бұл күн – адамдарды ұлты мен діни сеніміне қарамастан бір қоғамға біріктіретін тұрақтылық пен келісім күні болып аталып келеді. Мерекенің аталып өтуі мемлекетімізде бірлік пен татулық, ауызбіршілік пен сыйластық орнату үшін маңызды.
Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты — Рухани келісім күні өздеріңізбен кездесіп, ашық әңгіме-сұхбат жүргізе отырып, аудан аумағындағы діни жұмыстар жөнінде пікір алмасу.
Дін саласы – қоғам өміріндегі өте маңызды саланың бірі. Діннің қоғамдағы орны ерекше деуге болады. Себебі, көп жағдайда адам баласының тәрбиесі, болмысы осы діни қағидаларға негізделеді.
Қазақстан қоғамында берік орныққан рухани келісім халқымыздың мәдени және рухани өмірінің дамуындағы ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христандықтың тарихи рөлін мойындауға, сондай-ақ, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін өзге де діндерді сыйлауға үндейді. Қазіргі таңда еліміздегі діни бірлестіктер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, қылмыстың алдын алу секілді көптеген маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылуда.
Еліміз көпұлттылығымен қатар, көпконфессиялы мемлекет. Қазіргі кезде Сайрам ауданында 4 конфессияға енетін 3 діни бірлестік пен 110 діни бірлестік филиалы жұмыс атқаруда.
Халқымызды мейірімділікке, бірлікке үндейтін Рухани келісім күні құтты болсын! Әрбір отбасында тыныштық, бақ-береке мен жақсылық болсын! Дінімізге қуат, жастарға иман байлығын бергей!
Кездесу соңында аудандағы «Ы.Иманалиев» мешітінің найб имамы Б.Ирискулов, «Мәдени» мешітінің имамы Қ.Нышанов, «Ашбұлақ» мешітінің имамы Т.Эчполатов және «Ергешбек Нұрлыбай» мешітінің найб имамы Н.Абдурахмановтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып, арнайы сыйлықтар табыс етілді.