Аса маңызды саяси оқиғаларға толы болған үстіміздегі жылда ауданымызда болып жатқан ауқымды экономикалық және әлеуметтік жағдайлардағы оң өзгерістерге «Ардагерлер кеңесінің» де қосар үлесі елеулі екені белгілі.
Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесі өзінің жұмыс жоспарына сәйкес белгіленген іс-шараларды жүзеге асыруды, тыңғылықты жұмыстар атқаруды жіті басшылыққа алып отыруды дәстүрге айналдырған.
Елімізде болып жатқан әрбір оң шараларды көпшілік арасында насихаттау, оның жүзеге асуына қолдау көрсету мақсатында жұмыстарды белсене атқарып келеді.
Әсіресе ардагерлеріміз өздерінің өмірдегі бай тәжрибесін, білімдері мен біліктіліктерін жеткіншек ұрпаққа үйретуді басты мақсатымыз, – деп біледі.
Сондай-ақ, олар жасөспірімдер мен жастар тәжрибесінде жіберілген олқылықтардың себептерін айтып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, ортақ пікірге тоқталып отырады.
Әрбір бастауыш ұйымдар мен елді мекендердегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелерін, ықпалдарын саралау мақсатында әр жылда арнайы кесте жасалып кеңес мүшелері толық танысып, соңынан талқыланып, қорытындысы шығарылып отырылады.
Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының 09-16 күндердегі мерзімде аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы А.Омаровтың шешімімен құрамында төрағаның өзі, төраға орынбасары М.Намешов, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Ж.Құрбанов қамтылған арнайы топ құрылып, аудан көлеміндегі 13 ауыл округі әкімшілігіндегі ұйымдарда болып ауыл тұрғындарымен бірге ардагерлер, зиялы қауым өкілдерімен дәстүрлі кездесулер өткізді.
Кездесулерде «Ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды жастарымыздың бойына сіңіру» тақырыбында әңгімелер жүргізіліп, пікір алысулар болды.
Әсіресе Қ.Әбдәлиев, С.Рақымов, Шанақ, Қызылқия, Жігерген ауыл округтерінде өткен бас қосуларға арнайы шақырылған «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі» сияқты қоғамдық ұйымдардың қатысуымен өткен кездесулердің маңызы мен мәні жоғары болды.
Аталған қоғамдық ұйымдардың тәрбие саласына қажеттілігі, олардың білім мекемелері мен ата-аналар арасында атқаратын міндеттері туралы тиімді пікірлері ортаға салынып, осы ұйым жұмыстарын одан әрі жандандыруды ескертті.
Сонымен бірге барлық бас қосулардағы ел бірлігі, өзара ынтымақ, үлкенді сыйлау, қарияларды құрметтеу, еліміздің көркейуіне, өркендеуіне үлес қосқан аталарымыз бен әжелерімізге қамқорлық көрсету туралы мәселелерге ерекше көңіл бөлініп отырылды.
Кездесулерде бар саналы ғұмырын еселі еңбекке, халқымыздың әл-ауқатының артуына арнап, өткен өмір жолымен бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған Т.Абдуллаев, Б.Жүнісов, А.Жұманов, С.Әбдіматов, Т.Ағабеков т.б. қазыналы қарттарымыздың айтқан ақыл-кеңестері, құнды пікірлері кімге болса да өмірлік сабақ болары сөзсіз.
Қорыта айтқанда жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық пен патриоттық қасиеттерді бойларына сіңіріп өсуі үшін аудандық ардагерлер кеңесінің осы дәстүрге айналған бастамасының санамызды жаңғыртып, ұлттық болмысымызды сақтауға ықпалы зор екенін үнемі жадымызда сақтайық!
Ж.ҚҰРБАНОВ,
Қазығұрт аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы.