Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ – ІЗЕТ!

ҮЛКЕНГЕ – ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ – ІЗЕТ!

Халқымызда «Үлкенге — құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Бұның өзі өсіп келе жатқан әрбір жас ұрпақты имандылыққа, мейірім — қайырымдылыққа тәрбиелеу. Адам бойында жақсы – жаман қасиеттер болады екен. Біздің халқымызда үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға бала кезден көп көңіл бөлінеді. Ол ананың сүтінен, үлкеннің ақылынан, ұстаздың үйреткенінен, кез келген адамның кісілігінен білінеді. Көпті көрген данагөй қарттарымыздың, сан салалы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұлттық құндылықты бойына сіңіре білген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде мектеп басшысы Салыбаев Оралбектің басшылығымен, гуманитарлық пән бірлестік ұстаздарының ұйымдастыруымен «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» атты іс-шара өтті.
Іс-шара жүргізу барысында «Сыр сұхбат» жобасын басшылыққа алып, мерекелік іс-шараға келе алмайтын қарияларымыздың үйіне барып, батасын алып, сый-сияпаттар жасалды.
Мерекелік іс-шараға 60-қа жуық қазыналы қарттарымыз, апа-әжелеріміз қатысты. Мектеп оқушыларының арнау өлеңдері қонақтардың көңіліне жол таба білді. Әсіресе, қарттар туралы көрсетілген қойылымдар жүректен жүрекке жетіп, еріксіз көзге жас үйірді. Әрине, қартымыз біздің асыл қазынамыз..!
Іс-шара соңында дастархан жайылып, қонақ кәде жасалды. Ауыл имамы құран бағыштап, жасы үлкен қарияларымыз батасын беріп, ізгі тілектерін айтты. Осындай, тағылымы терең, рухани құндылығы мол үлгілі іс шара ұйымдастырған мектеп басшысы Салыбаев Оралбекке және ұстаздар қауымына айтар алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын, дегіміз келеді. Асыл қазыналарымыз аман болсын!
«Қарттарым-қазынам» — деген мақал-мәтелдер тегін айтылмаған. Сондықтан үлкендерді әсіресе ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді құрметтеу, сыйлау әрбір баланың міндеті.
Ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз бар, біздер бақыттымыз. Бүгінгідей тәуелсіз егемен елде қайғы — қасіретсіз, еркін, бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың өзі осы қарияларымыздың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Үнемі алғысымызды айтып жүруіміз қажет.
Ата — әжелеріміз кезінде өздерінің қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан құрметті еңбек ардагерлері. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі үлкен кісілерге қамқорлық, мейірімділік, сүйіспеншілік пен құрмет, сыйластық таныта білу екендігін тағы да бір ұғынғандай болдық.

Жанар ЖҮНІСОВА,
Қ.Өмірәлиев атындағы жалпы орта
білім беретін мектебінің мұғалімі,
сынып жетекшілер секциясының жетекшісі.

 

 

 

Пікір жазу